Мадхализм ағымы несімен қауіпті?
Мадхализм ағымы несімен қауіпті?

Дәстүрлі исламға жат «сәләфия» ағымы өз кезегінде бірнеше топтарға бөлінген, солардың бірі ретінде «мадхализмді» айтуға болады. Мадхализмнің атауы аталмыш қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі болған Рабиғ ибн әл-Мадхалидің атымен байланыстырылады. Мадхализм – ХХ-ғасырда Сауд Арабиясындағы саяси жағдайлардың шиеленісуіне байланысты, сәләфия өкілдерінің ортақ ұстанымдары болмауы себебімен пайда болған бірнеше қозғалыстардың бірі ретінде қалыптасты. Сол уақыттардағы басқа сәләфилік топтардан қарағанда өздерінің «басшыға бағынуға шақыратын» бірқалыпты ұстанымдарының арқасында, Сауд Арабия үкіметі тарапынан қолдауға ие болған. Сондықтан олар, басқа сәләфилік топтар өкілдері арасында «ғулату тағат» (бойұсынуда шектен шыққандар) деген атаумен де белгілі болды. Мадхализм бағытындағылардың танымал ұстаздары ретінде: Ибн Баз, Ибн Усеймин, Албани, Салих әл-Фаузан сынды Сауд Арабиясының шейхтарын айтуға болады.

Негізгі көзқарастары: Сәләфи топтарының саяси көзқарастарында айырмашылықтар болса да, олардың барлығының ақидадағы яғни діни сенімдегі және жалпы шариғатқа қатысты ұстанымдары бір болып табылады. Сондай-ақ, аталмыш ағымдардың барлығының да ұстанымдары Ибн Таймия мен Мұхаммед Әбдул Уаххабтың шығармаларына негізделген, ал тарихта Мұхаммед Әбдул Уаххабтің заманындағы Осман империясының мұсылман басшыларына қарсы соғысқа шақырып, олардың қанын адал дегендігін байқаймыз. Осыған негізделе отырып, мадхалиттердің басшыға бағыну ұстанымдарының тек уақытша құбылыс екендігін түсінуге болады.

Дәстүрлі ислам (әһлү сүннә) сеніміне қайшы келген тұстары ретінде, Рабиғ әл-Мәдхалидің «Муахаззат әлә Ахмад әт-Тайиб» еңбегінде әулиелер арқылы тауассул жасауды «бидғат» (дінге еңгізілген жаңашылық) әрі Аллаға серік қосу, - деп жоққа шығаруы және намаз оқымаған адамның кәпір болуы сынды мәселелерді айта кетуге болады.

Рабиғ әл-Мадхали дәстүрлі ислам ғалымдарының ішіндегі Имам Ибн Хажар әл-Асқалани, Имам ән-Науауи және белгілі мухаддис әл-Байхақи сынды тұлғаларды адасушылыққа айыптап, дінде жаңалық еңгізуші (мубтадиғ) деп жала жапқан.  

Кейбір мадхалиттердің пікірінше дәстүрлі мазһабтарға еруге тек дұрыс болған жағдайда ғана рұқсат етіледі, ал мазһабтардағы қате көзқарастарға соқыр еруге болмайды. Дегенмен де, бұл тұста, ғасырлар бойы көптеген ғалымдар арқылы қалыптасқан дәстүрлі шариғат мазһабтарындағы қателікті кім анықтайды?! - деген орынды сұрақ туындайтындығы анық...

Сонымен қатар, Рабиғ әл-Мадхали демократия мен зайырлық билік жүйесін теріске шығарып күпірлік санаған, осыған қатысты ол өзінің «Бүліктер мен демократиядан сақтандыру» атты мақаласында: «Егер басшы Алланың түсіргендерімен басшылық етпесе, бірақ шариғат заңдарын мойындап, өзінің ісін харам деп білсе, ол кіші күпірлік, ал егер басшы Алланың түсіргенімен басқармауды халал деп біліп, демократиямен басшылық етсе, онда ол үлкен күпірлікке түсіп исламнан шығады», - деген.

Қорытындылай айтар болсақ, жоғарыда айтқанымыздай мадхалиттер өздерін билікпен санасатын момын мұсылман ретінде көрсеткісі келсе де, оның астарында фундаментальды радикалдық көзқарастар болуы мүмкін. Мадхалиттер де басқа діни экстремисттік, радикалды ағымдар сияқты, мемлекеттің тұрақтылығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін демократиялық-зайырлы жүйесін теріске шығарады. Себебі, барлық сәләфилік ағымдардың идеологиялық қайнаркөзі бір болып табылғандықтан, олардың әрқайсының діни сенімдерінде радикалды нышандағы көзқарастардың бар екендігі анық.

Бағашаров Қ.С.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

философия және саясаттану факультеті,

дінтану және мәдениеттану  кафедрасының аға оқытушысы,PhD

Сақан Д.Д.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

саясаттану және философия факультеті,

дінтану және мәдениеттану кафедрасы

“Исламтану” мамандығының

2 курс магистранты

https://www.kaznu.kz/kz

Сақан ДастанСақан Дастан
3 жыл бұрын 2088
0 пікір
Блог туралы