Экзистенциализм деген не?
Экзистенциализм деген не?

Экзистенциализмнің қарқындап дамуы жүз жыл бұрын Серен Кьеркегордан басталды. Ол адамтану саласына үстемдік орната бастаған рационализм мен интеллектуализмге қарсы тұрды. «Адам болмысын ақыл аясында ұқтырып береміз» дегенге келіскен жоқ. Фейрбах «Адамның рухани болмысы талқыға түскенде философ болуға ұмтылмаңдар. Құрғақ оймен талдамаңдар. Кәдімгі тірі, бар болмыс сияқты экзистенция мақамында толғаныңдар» деп ұран тастады. Себебі рационализм суық ақылға сүйенді. Ақыл қуаты мықты болғанымен махаббат, ерік-жігер, құрбандық, үміт, ерік қалауы, жауапкершілік сияқты рухани болмыстан шығатын экзистенциялық феномендерді түсіндіре алмайды. Осыдан түсініксіз құбылысты терістеу басталды. Рационализм хикметтегі Алланың дидарына ғашық болу, миғражда Пайғамбар рухын көру, пейіш пенен тозақтың айтысы сияқты тылсым дүниелерді түсіндіре алмайды. Түсіндіре алмаған соң оны шетке ығыстыру басталды. Осылайша, ғайыптың ілімі санадан алыстай берді. Ақырында адам трансцендентті әлемнен ажырап, күйбең тіршіліктің тұтұқынына айналды.  Тіпті қазіргі дін адамдары да оған жауап бермейді. Орта ғасырларда дін ғылымы бұл құбылыстарды әулиенің шарапаты деп түсіндірген. «Большевик мұсылмандар» дінді бұрмаланған соң, тылсымның мәні зерттелмей жауапсыз қалды. Түсіндіру былай тұрсын, қазіргі діни қауым: «Бұл дұрыс емес. Исламда ондай керемет жоқ. Бұл – Яссауидің қиялына туған дүние» деп субъективті таныммен терістеді. Дін ғылымы Яссауи феноменін мойындамаса, академиялық орта оны мистика деп тапса, әулиенің кереметі мен шарапатын ғылымның қай саласы зерттеуі тиіс? Біздіңше, Экзистенциализм айналысады. Экзистенциалисттер әу баста пендені «ойланушы машина» деп танудан бас тартты. Адамды зат ретінде зерттеп, манипуляция жасап, санасын қолдан бақылауға қарсы болды. Экзистенциализм дамыған елде гуманизм принциптері үстемдік қылады. Ал жетілмеген қоғамда кісіні зат секілді пайдаланатын тасжүрек топтар көбейеді. Ондай кезде әкімшілік құрылымдар қара халықты үгіт-насихатпен, діни уағыздармен психологиялық құлдыққа жегеді. Санасына манипуляция жасап, дүниетанымын оңдырмай жаралайды. Әлем танитын экзистенциялық қабілетінен айырып, дін жолында өлімге баратын көзсіз фанат жасайды. Дін фанаттары әр дәуірде билеуші әулеттердің ең мықты һәм ең сенімді қолшоқпары саналған.

         «ЭКЗИСТЕНЦИЯ» латынның – ex-sistere – cөзінен шығады. Мағынасы: «бөлініп шығу», «пайда болу», «өсіп шығу», «іргелену». Терең ойлы философтар мен психологтардың осы сөзге құмар болуының себебі де – осы. Олар адам ретінде өспей, үнемі тоқырап тұра беретін, пайымсыз пендені көргісі келмейді. Керісінше, дамылсыз даму үстіндегі ғажайып адами болмысты іздейді. Өркендеуші тұлғаны ғана тануға талпынады. Жан жүйесі жетілмей, жануар секілді жүре беретін, ойсыз, арсыз, жауапсыз пенде ешкімге қызық емес. Сол себепті, Батыстың адамтанушы ойшылдары Existence (тіршілік ету, бар болу «существование» )терминін Essence (сипат, зат «сущность» ) сөзіне қарсы қолданады. Essence – адамның ғылыми зерттеуге ілінетін сипаттары. Existence – ғылымның зерттеу фактісіне ілінбейтін, статистикаға бағынбайтын, нақтыланбайтын құпия құбылыс. Оған ар, иман, махаббат, жауапкершілік, еркіндік, өлімге дайындық, алаң сияқты рухани феномендер жатады. Адамның болмысын ғылым арқылы тануға тырысып, биологиялық импульстермен, цифрлармен, пайызға шағып зерттесе, яки бір механизмдерге бағындыратын болса, адам тағы да жануарға теңеледі.

         Осы қарапайым күрделі пайымды оқырманға қиссамен оңай түсіндіруге болады. Құрандағы Адам мен Ібілістің текетіресіне назар аударайық. Осы сюжет халық арасында дами келе қисса түріндегі құндылыққа айналып кетті. «Адамның құпия болмысы деген не?» деген сұраққа Құран қиссасы тұшымды жауап береді.

         Тәңір балшықтан өзіне орынбасар жаратты. Ол – алғашқы Адам еді! Жан берген соң Адам ата тіріліп, жан-жағын барлады. Тәңірі күллі періштені шақырып, оның табиғатын зерттеуге рұқсат етті. Періште атаулы нұрдан жаралғандықтан, рентген сәулесі секілді адамның балшық денесі мен психикасын оңай ақтарып, биологиялық дерегі мен психологиялық керегін сол мезетте зерттеп тастады. Сосын Құдай Тағалаға арыз етіп:

         –Уа тәңірім! Адамды жаратпа, жер жүзіне таратпа. Ашкөздігі қанбайды екен. Арсыздықтан танбайды екен. Құмарлығын қандыру үшін жер бетін қанға бөктіреді. Әлсіздерге әлімжеттік қылады. Өтірік айтқанда шімірікпейді. Рақаттан өзін ірікпейді. Саған орынбасар болуға лайық емес. Біз ғой сені үздіксіз дәріптеп, ұлықтаудан тынбайтын, – деп шуласса керек. Тәңірі:

         –Сендер не, бәрін білесіңдер ме? – деді. Періштелер:

         –Уа жаратушы иеміз, үйреткеніңді бүтін білеміз, – деп жамырасты. Тәңірі ғайыптан бір әлемді шығарып:

         –Қанеки, көп білсеңдер мына әлемнің жұмбағын шешіңдер, – деді. Беймәлім ғаламды көрген періштерде үн жоқ. Шектеулі білімдері ғайыптың сырын шешуге жетпеді. Жаббар Хақ Адамға рух атты нығметті үрлеп, жүрек көзін ашып:

         –Қане, Адам, көрсет өнеріңді, – деді. Көкірек көзі ашылған Адам сол заматта ғаламның сырын паш етті. Сайыста жеңіп мерейі үстем болды. Періштелер Адам атаның ілімділігіне қайран қалды. Тәңірі олардан:

         –Жеңілдіңдер ме? Періштелер:

         –Йа, жеңілдік. Адамның мықтылығын мойындадық, – деді бастары салбырап.

         –Жеңілсеңдер, сәжде жасап, рухына тағзым етіңдер, – деді. Күллі періштелер жапа-тармағай тағзым етті.  Ібіліс қана қаққан қазықтай сілейіп тұрып алды. Алла Тағала одан:

–       Әй, Ібіліс саған не көрінді? Неге сәжде етпедің? – деді.

– Ол борсыған балшықтан, мен болсам алаулаған оттан жаралдым, қалайша сәжде қыламын? Мен одан артықпын, – деді. Бұл сөзі әлбетте Алланың қаһарын туғызды. Тәңірі оған:

         – Менің дәргейімде кібірлерге орын жоқ. Сені қарғысым атты. Қияметке дейін қарғыс арқалаған малғұн боласың, – деді. Ібіліс:

         – Жарайды, дәргейіңнен кетсем, кетем. Адаммен өлгенше өштесем. Ұрпағын тура жолдан тайдырамын. Бағын байлап, бақытын қайтарамын, – деді.

         – Мені шын сүйген ықыласты құлдарыма ықпалың жүрмес, – деді Тәңірі.

         – Олардан басқасын адастырып, азғырамын, – деді Ібіліс.

         Енді қиссаны модерн әдіспен талдайық. Періштелер Адамның биологиялық, физиологиялық және психологиялық сипатын ғылымның күшімен дұрыс талдады. Құмарлық, мұқтаждығын анықтады. Психологиясын бірден ұқты. Орталық нерв жүйесіне байланған барлық импульс пен рефлекстің хикметін бір көргеннен түсінді. Адамды фактімен анықтады. Мына түрімен жерге түсер болса, қан жоса қырғын саларын қапысыз болжады. Бірақ рухани болмысын көрмеді. Болмыс зерттеуге ілінбеді. Адамды Құран нұрымен танығымыз келсе, назарға «рухани болмысты» алуға тиіспіз. Ал ғылым күшімен кісіні толық білеміз десек, Ібілістің кебін киюіміз мүмкін.

         Экзистенциалисттер сұрақты тура осылай қояды: «Құдайға ұқсайтын кәміл тұлғаны тән ішінен қалай табамыз? Кісінің қоспасыз таза табиғатын айуани лас мінез-құлқынан қалай айырамыз? Адамның потенциялын қай амал риясыз сыртқа шығарады?». Олардың осындай ізденісін мойындасақ, Яссауи ілімін немесе сопылықты «Исламдағы экзистенциализм» деп тануға ақымыз бар. Сопылар да сұрақты осы позицияда қояды: «Құран, хадис, оқудағы мақсат не? Шариғаттың ауыр шарты мен заңдарын бұлжытпай орындаудың мәні не? Ілім сайысында Ібілісті жер қаптырған құдіретті Адам сипатын қалай табамыз? Періште тағзым еткен ұлық дәрежеге қандай амал жеткізеді? Жүректің көзін қай құлшылық ашады? Жануарлық мінез-құлқымнан қалай арыламын?

         Ой салмақты шығу үшін Мәшһүр Жүсіптің мына өлеңін алайық:

Кейінгіге сәлем айт біз байғұстан

Бұл сарайда көп екен бізге дұшпан

Қызықтырып, қыздырып алдайды екен

Бірі іштен болғанда, бірі тыстан

Кезіксе алтын-күміс тілін білген

Қорытып алар еді-ау бізді мыстан

Осы алтын-күмісті мыстан ажыратып алу процесін экзистенция амалы деп айтсақ түсінікті болады. Әліге дейін адам жаралысын химиялық, биологиялық яки психологиялық тұрғыда механизм деп түсіндіру ойлы жанға қанағат бермейді. Пенде тіршілікте өзін «бар», мәңгі өлмейтін «рухани болмыс» ретінде сезінгісі келеді. Сезінген соң «не істуім керек? деген сұрақтың шешімін іздейді. Ойшылдар «Бұ дүниеге қайдан келдім?» Тіршілікте не істесем абзал? Өлген соң болмысым қайда кетеді?» деген классикалық үш сұрақпен әлемді әлі де оятып келеді. Мысалы, Шәкәрім қажы сияқты:

Шынды білмек ойласаң сен

Алдыменен жанды біл

Ең керекті үш сұрақпен

Жан құлағын қой бұрап

Келдім қайдан? Нетсем пайдам?

Өлгеннен соң не болам?

«Мен» – деген жан, ақыл – айнам,

Жоғала ма сол шын-ақ?

Осындай толғамға қарап экзистенциализм бағытын түсінеміз. Оның мұраты – жансыз ғылымға, сандарға, пайыздарға, статистикаға, психологиялық шартты-шартсыз рефлекстерге және діншілдердің үкімі мен пәтуасына маталып, зат сияқты қаралатын адамды редукционизм «тұтқынынан» босатып алу. Мәңгі тірі, тоқтаусыз өсуші «адамның рухани болмысын» қалай да табу!

Бағашаров Қ.С.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

философия және саясаттану факультеті,

дінтану және мәдениеттану  кафедрасының аға оқытушысы,PhD

Мұхамади М.И.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

саясаттану және философия факультеті,

дінтану және мәдениеттану кафедрасы

“Исламтану” мамандығының

2 курс магистранты

https://www.kaznu.kz/kz

Сақан ДастанСақан Дастан
3 жыл бұрын 4524
0 пікір
Блог туралы