Құрандағы сабырлықтың Пайғамбарға (с.ғ.с) бұйрық формасында келуі
Құрандағы сабырлықтың Пайғамбарға (с.ғ.с) бұйрық формасында келуі

Пайғамбарымыздың елшілік міндеті басқа пайғамбарларға қарағанда аз мерзімді қамтыды. Араб түбегінде дағуат жүргізуімен қатар, жер бетіндегі барлық қауымға елшілік міндетін толық атқару ісі де жүктелген болатын. Сондықтан, Алла Тағала пайғамбарымыздың толыққанды сабырлы болуын қалап, Құран Кәрімде жиырма орында сабырлыққа бұйырған еді. Яғни Алла Тағала пайғамбарымызға сабырлықты елшілік міндеті барысында әсіресе Меккелік кезеңде өте жиі бұйырып отырған. Өйткені Меккелік кезең нағыз сынақтарға толы кезеңге айналды. Себебі Құрайыштықтар пайғамбарымызды сөзбен де іспен де зорлық-зомбылықа итермелеп жатты. Осыған орай кейбір сүрелерді Алла Тағала бірнеше шариғат заңнамаларымен, алдынғы қауымдардың нәтижесі қалай аяқталғанын баяндай келе соңғы аятты Раббыңның үкіміне сабырлық таныт деп тамамдаған. Тіпті алғашқы болып түскен аяттардың бірінде Раббың үшін сабырлы бол деп бұйырылған еді. Пайғамбарымыздың сабырлы болуына бұйырылған аяттарға сүрелердің тәртібіне сай тоқталсақ:

1-   Юнус сүресінің соңғы аятында келген 109 аят: «Сен өзіңе не уәхи етілсе, соған ер һәм Алла өз үкімін шығарғанша сабырлылық таныт. Ол – үкім шығарып, билік айтушылардың ең қайырлысы (ең әділ)». 

2-   Алла Тағала Пайғамбарымызға адамдардың екінші атасы болған Нух пайғамбар және оның қауымы жайлы айтқан оқиғадан кейін келген Һуд сүресінің 49 аяты: «Бұл (айтылған жайттар) – Біз саған (уа, Пайғамбар) уахи ететін ғайып хабарлардан. Сен де, сенің қауымың да бұдан бұрын олар (хабарлар) жайлы білмейтін едіңдер. Ендеше, сабыр қыл! Асылында, (қайырлы) қортынды (жұмақ) тақуаларға тән[1, б. 258].

Әбу Жағфар айтады: Алла Тағаланың Нух пайғамбар және қауымының мән-жайы жайлы жасаған бұл уәхиі пайғамбарымыз көріп білмеген ғайыптан келген хабар болды. Яғни енді сен сол Нух пайғамбар сияқты көз алдыңда болып жатқан сынақтарға сабыр таныт. Сонда сен оның жеткен қайырлы соңғы нәтижесіне де қол соза аласың[2, б. 56].

3-   Келесі аятта Һуд сүресінің 115 аятында келген. Бұл аятта Алла Тағала сабырға бұйырудан алдын бірнеше елшілерді қауымымен бірге баяндады, кейін оған және онымен бірге болған мұсылмандарға өзінің бұйрығына тура болуға шақырды, сосын заңсыздыққа барудан, залымдарға арқа сүйеуден ескертті, артынша күндіз уақытымен түннің бір бөлігінде намаз оқуды бұйырды, соңынан сабырлыққа бұйырды себебі сабырлық алдынғы бұйрықтар мен ескертулердің орындалуына қажет болған негізгі қасиет: (Ей, Мүхаммед!) «Сабыр қыл. Анығында, Алла ізгілік істегендердің сауабын зая етпейді».

Сабырлық Құран Кәрімде көбіне ғибадаттармен байланыса айтылады. Өйткені құлшылық пен сабырлық бір-бірімен тығыз байланыста болса, жеңістің келуіне септігін тигізбей қоймайды[3, б. 341].

4-   Нәхл сүресінің 127 аятында келген осы сүренің соңында Алла Тағала дініне көркем уағыз және даналықпен шақыруды, пікір-таласты ең көркем түрде жүргізуді айтқаннан кейін сабырлыққа бұйырды: «Сабыр сақта, төзім деген Тәңірдің көмегімен ғана қолға келеді. Олардың қылықтары үшін қамықпа, қулық-сұмдықтарына жүрегің ауырмасын». 

Мүшріктердің тайынбай жасап жатқан қастандықтарына пайғамбарымыздың сабыр сақтап жүруі тек Алла Тағаланың жәрдемімен болып жатты. 

5-   Кәһф сүресінің 28 аяты: «Бір Алланың разылығын ғана қалап, Раббыларына ертелі-кеш (яғни, таңертең және екінті һәм ақшам уақыттарында) құлшылық әрі дұға ететін мүміндермен бірге болуда барынша сабырлылық һәм табандылық таныт. (Дінді кеңінен жаю жолында септігі тиер деген оймен) қу тіршіліктің сән-салтанатына көңілің ауып, оларды көзіңе де ілме, сондай-ақ, жүрегін Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз ғапыл қылған, нәпсісінің қалауына ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме». 

6-  Мәриям сүресінің 65 аяты: «Ол- күллі аспан әлемі мен жердің және екеуінің арасындағы барлық нәрсенің Раббысы (жалғыз иесі)! Ендеше, Оған құлшылық қыл және құлшылық қылғаныңда сабырлы әрі табанды бол». Ғибадаттың машақатына, қиыншылықтарына сабырлық таныт, саған келетін уахидің кешіктірілуіне байланысты кәпірлердің келемежектеріне қайғырма, сен Раббыңның қамқорындасың. Осы болып жатқан сынақтар сені ғибадаттан тосып қоймасын[4, б. 187].

7-   Тоһа сүресінің 130 аяты: (Уа, Мұхаммед!):«Ендеше, олардың айтқан-дарына барынша сабыр ет! Күн шықпай әрі ұясына батпай тұрып Раббыңның кемел әрі мінсіз екенін айтып, жар сал».

Бір таңғаларлығы, мұсылмандарды қан қақсатып, басына қара бұлт үйірген мүшіріктерге Мекке кезеңінде пайғамбарымыз ешқандай қарсы күш қолданбады. Сахабаларын үнемі сабырлық пен ұстамдылыққа шақырды. Қандай қатігездікке тап болса да еш мойымастан асқан шыдамдылықпен 13 жыл бойы халықтың жүрегіне жол табуға тырысты. Өзі де, өзінің қанатының астына жиылған сахабалар небір қанқұйлы жағдайларды бастан кешті. Соққыға жығылып, жұдырық пен тепкінің астында қалды, езілді, жаншылды, тіпті, елден біржола шеттетіліп бойкотқа да ұшырады. Ол асқан сабырлы болумен қатар парасат-пайымы мол жан еді. Сол себепті ақиқатты айтып түсіндіру мүмкін емес деген көптеген адамдардың өзі Исламға бас иіп, тас болып қатқан жүректері жібіп сала берген болатын. Егер пайғамбарымыздың бойындағы мызғымас сабырлық қасиеті болмағанда мыңдаған адамның исламды қабылдауы мүмкін емес еді.

8-   Тоһа сүресінің 132 аяты: «Отбасыңа және үмбетіңе намаз оқуды бұйыр әрі өзіңде намаз оқуда сабырлы болып табандылық таныт». Яғни дүние ісімен шұғылданбай сен және олар намазға әрдайым бірбеткейлік танытсын. Себебі Алла Тағала осы аяттың жалғасында біз сенен өзіңді және отбасыңды азықпен қамда деп сұрамаймыз ризық беруші біз сен өзіңді ақырет ісіне арна. Өйткені кім Алла Тағаланың бұйрығында болса, Алла Тағала оның ісінде болады. 

9-Рум сүресінің соңғы аяты: «Сен сабырлы бол. Алланың (саған берген) уәдесі хақ». [5, б. 428].

10-Сод сүресінің 17 аяты: (Уа, Мұхаммед!) «Олардың айтып жатқандарына сабыр ет те, Біздің құлымыз, кұш иесі Дәуітті есіңе ал! Шынында, ол жалбарынғыш еді». Алдынғы аятқа қарайтын болсақ кәпірлердің пайғамбарымызды ақымаққа шығарғаны соншалық шегіне жеткен еді: «Кәпірлер мысқылмен: Уа Раббымыз! Үлесімізге тиетін азапты жауапқа тартылатын күн келмей тұрып-ақ тездетіп бере бер!, дейді». Осы айтылғандарға да сабыр ет деп бұйырылды пайғамбарымыз. Артынша Дәуіт пайғамбарды және ең алдымен оның дін жолындағы мықтылығын есіңе ал себебі сен оның өмірін еске алумен бойыңа жігер орнайды әрі көңіл-күйің көтеріледі деді. 

11- Ғофир сүресінде сабыр етуге Алла Тағаланың бұйрығы екі орында келген. Біріншісі 55 аятта: «Олай болса, сен барынша сабырлылық таныт! Неге десең, Алланың (хас құлдарына һәм мұміндерге берген) уағдасы хақ.

12-Екіншісі 77 аятта келген: (Уа, Мұхаммед!) «Ендеше, сен барынша сабырлылық таныт. Өйткені Алланың уағдасы хақ. Оларға уәде еткен азабымыздың кейбірін саған көзіңнің тірісінде көрсететін болсақ, яки көрсетпей-ақ сені о дүниеге аттандырсақ, не өзгереді ғой дейсің, қайткен күнде де, соңында олардың барлығы Бізге қайтарылады»(да лайықты қарымталарын алады). 

13-Әхқоф сүресінің соңғы аяты: (Уа, Мұхаммед!) «Олай болса, осы жолда барынша сабырлылық танытқан жігерлі пайғамбарлар сынды сен де сабырлылық таныт. Кәпірлерге қатысты (кесімді үкім тезірек шықса екен, деп) асықпа».

Айша анамызға пайғамбарымыз бір күні былайша сөз қатты: Ей Айша расында Алла Тағала жігерлі пайғамбарлардың елшілік міндеттері барысында шеккен қиындықтар мен сынақтарға төзімді һәм сабырлы болғандары үшін разы болды. Енді менен разы болуы үшін оларға жүктеген міндеттерді маған да жүктейді. Сосын жоғарыдағы аятты оқып, Алла Тағаламен ант етемін алдыңғы пайғамбарлар қалай сабыр танытқан болса мен де бар жігерімді салып сабыр сақтаймын деді[6, б. 18].

Алла Тағала пайғамбарымыздан алдын елшілік міндеттерін атқарған ұлы пайғамбарлардың әрқайсысы ерекше қасиеттерге толы болса да, олардың сабырлылық мінез-құлықтарынан ғана үлгі алуды бұйырды.

14-Қоф сүресінің 39 аяты: (Уа, Мұхаммед!) «Олардың айтып жатқандарына сабыр ет және күн шықпастан бұрын һәм батпай тұрып Раббыңа мадақ жаудыр». Яғни мүшріктердің қайта тірілу күніне айтып жатқан сөздеріне сабырлық таныт. Оларға пайғамбарымыз өлімнен кейін қайта тірілесіңдер де Раббыларыңа ораласыңдар деп айтқанда бұл ақылға қонымсыз таңқаларлық нәрсе деп жауап берген еді. Алайда күллі жаратылысты еш ақаусыз санаулы уақытта ғана Жаратқанға оларды қабірлерінен қайта тірілту әсте оңай. Мүшріктердің қайтара айтқан ауыр сөздерінен кейін Алла Тағала тарапынан түсіп тұрған уахилар пайғамбарымыздың көңіл-күйін көтеріп тұратын[7, б. 479].

Пайғамбарлық пен иман ақиқаттарын түсіну әрі дұшпаннан қорлық көріп, түрлі мазаққа төтеп беру үшін пайғамбарымыз ең алдымен құлшылыққа жүгінетін. Құлшылықтың терең тұңғиығына жан-тәнімен еніп, ақылын сабырға жеңдіретін. Күш-қуат пен таусылмас жігерді Алла елшісі әрдайым ғибадаттан алып отырды. Сондықтан құлшылықты жанына серік еткендер, осы күш-қуаттан қолдау табуда. Құран Алла елшісіне иманның тірегі ғибадатта екенін түсіндіре келіп, дұшпанға қарсы сес көрсететін қару да сабыр мен ғибадатта жатқанын әр кез ескертіп отырған[8, б. 37-38].

15-Тур сүресінің 48 аяты: (Уа, Расулым!) «Раббыңның үкімі жүзеге асқанша сабыр ет. Шүбәсіз, сен Біздің көз алдымызда һәм қорғауымыздасың». Осы қысқа аятта Пайғамбарымыз үшін тәрбиелік, қолғабыстық, жұбатулық тіпті қанағаттандырулық көрністер бар. Себебі Алла Тағала елшісіне кәпірлердің залалдары мен қатыгездіктеріне емес өз үкіміне сабыр етуге бұйырған еді. 

16-Қолам сүресінің 48 аяты: (Уа, Мұхаммед!) «Алайда, сен сабыр сақтап, Раббыңның үкімін күт, балыққа жолдас болған кісідей (яғни Юунус пайғамбар сияқты) болма». Яғни саған шығарылған үкімге және тағдырға сабыр ет . Қандай іске бұйырылсаң, соны атқар. Кәпірлердің сені өтіркке шығаруы, саған жасаған нұқсандары дінді өзгелерге жеткізуден тайдыртпасын. 

Мекке тайпаларының залалдары күшейген кезде пайғамбарымыз оларға қарсы дұға жасамақшы болған кезде Алла Тағала оның есіне Жүніс пайғамбардың оқиғасын түсірді[9, б. 112].

17-Мағариж сүресінің 5 аяты: «Ендеше, сен (мүшріктердің зорлық-зомбылығына) игі сабырмен сабыр ет». Яғни Уа, Мұхаммед қауымыңның саған қатысты айтқан өтіріктеріне және қиаметтің келер уақытын нанғысыз деп есептеп өздерінше азаптың тез арада орнығуын сұрап жүргендерге сабыр ет. Осыған ұқсас мағынаны Шура сүресінен де байқауға болады: «Қиаметке сенбейтіндер оның тез арада келуін тілеп, (ол күнді мазаққа айналдырады)[10, б. 130].

18-Муззаммил сүресінің 10 аяты: «Әрі олардың (кәпірлердің) айтқандарына сабыр ет те, оларды көркем түрде тастап кет». 

Кәпірлердің айтып жатқан сөздеріне сабыр ет деп келген мағыналас аяттар Құран Кәрімде төрт мәрте қайталанған. Бұл қайталану расында да кәпірлер мен мүшріктердің айтқан сөздері Пайғамбарымызға өте ауыр болғандығын дәлелдейді. Мысалы жынды, сиқыршы, сәуегей секілді сөздерді айтатын еді. Абдуррахман ибн Әбза айтқандай: Алланың елшісі адамдардың ең жұмсағы және ең сабырлысы болатын һәм ашуын көркем түрде басатын еді[11, б. 80].

19-Муддассир сүресінің 7 аяты: «Раббың үшін сабырлы бол», яғни қауымыңды исламға шақыру жолында олар жақтан кездескен қиыншылықтарға сабыр ет[12, б. 37].

Фахруддин әр-Рози жоғарыдағы аяттқа қатысты бес пікір барын айтады. Соның төртіншісінде: Уәлид ибн Муғиро пайғамбарымыздың алып келген діні жайлы қатты ойланып үйіне кірген кезде мүшрік қауымы Уәлид ата-баба дінімізден шығып кетті деп жар салады. Оны естіген Әбу Жәһіл дереу оған барып Қурайш тайпасы сені дінімізден шықпасын деп саған арнайы мал-мүлік жинады дейді. Сонда Уәлид сол мал-мүлік үшін күпірлікте қалып қояды. Осы оқиға пайғамбарымыза жеткенде, ол мал-мүлік және тағы басқа да нәрсе үшін емес тек раббыңның разылығы үшін дініңе сабыр ет деп бұйырылады[13, б. 173].

Бұл аятта Алла Тағала өзге сабырлыққа бұйырған аяттарға қарағанда пайғамбарымызды ықыласпен жасалған әрі шынайы сабырлыққа әмір етті[14, б. 303].

20-Алла Тағаланың сабырға бұйырған ең соңғы аяты Инсан сүресінде келген: «Ендеше, Раббыңның үкімі шыққанға дейін сабыр ет. Адамдар арасындағы бірде-бір күнәһар мен кәпірдің тілін алма». Яғни Алла Тағаланың саған уәде еткен жеңісті күт әрі асығыстық жасама. Дұшпандарыңның көптігіне қарап сескенбе, алдыңнан шығып жатқан қиындықтарға қайғырма, еш нәрсеге мән берместен қадамың тек алға болсын[15, б. 55].

Қорыта айтқанда жоғарыда келтірілген аяттар бізге Пайғамбарымыздың тұлғалық сипаттары өмірдің қоғамдық қозғалыстарындағы барлық жағынан көрініп, игілікті орынға ие екендігін көрсетеді. Бұл өзге пайғамбарлар мен елшілерде болмаған қасиет. Өйткені, ол сабырлы болуы арқылы әйелдерге сүйікті де мейрімді күйеу, балаларға қамқоршы да қайырымды әке, пайғамбарлардың барлығы құра алмаған мемлекет құрып, оның негіздеушісі болды. Үлкен ислам әскерінің басшысы да, соғысушы әскер қатарындағы жауынгер де, сот істерінің жүргізуші қазысы да, тәлім беруші мұғалім, қиындыққа төзе білетін сабыр сақтаушы, мейрімді де рахымды бола білді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1       Ибадуллаев С.З. Қасиетті Құран және қазақ тіліндегі мағыналық аудармасы. Алматы: 2015.

2       Әбу Жағфар Мухаммад ибн Жарир әт-Тобари Жәмиғу баян фи тәуилил Қуран Бейрут: Дәрул кутубил илмия, 1992. Т. 7.

3       Сейед Камал Имани Свет священного Корана. Санкт-Петербург: Петербурское Востоковедение, 2008. Т. 4.

4       Мухаммад әл-Әмин ибн Абдиллаһ әл-Урми әл-Әләуи әл-Һәради Нузулу киромид дифан фи сахати хәдәиқур-роухи уәр-ройхан. Бейрут Лубнан: Дәрут тоуқин нажат, 2001. Т. 

5       Уаһап қажы Қ. Құран Кәрім қазақша мағына және түсініг. Алматы: Дәуір, 2002.

6       Абдурахман ибн Әби Бәкр әс-Суюти әд-Дуррул мәнсур фи тафсирл мәсур. Бейрут: Дәрул кутубил илмия, 1990. Т. 6.

7       Мухаммад әл-Әмин ибн Абдиллаһ әл-Урми әл-Әләуи әл-Һәради Нузулу киромид дифан фи сахати хәдәиқур-роухи уәр-ройхан. Бейрут: Лубнан Дәрут тоуқин нажат, 2001. Т. 

8       Гүрол А. Пайғамбар құлшылығы. Алматы: Көкжиек, 2017.

9       Ғимадуд Дин Әбил Фида Исмағил ибн Кәсир Тәфсирул Қуранил Азим. Каир: Ауладушшейх Литтурос, 2000. Т. 14.

10    Мухаммад Сайд Тантауи әт-Тафсирул уасит лиҚуранил карим. Кайр: Дәрул мағариф, 1993. Т. 15.

11    Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Жағфар ибн әл-Әсбаһәни Ахлақун Нәби уә әдәбуһу. Каир: Дәрул Мисриял Лубнания, 1993.

12    Әбдімүтәліп Қ. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің өмірбаяны. Алматы: Дәуір, 2011.

13    Фахруддин Мухаммад ибн Омар әр-Рози Тәфсирул кәбир. Бейрут: Дәрул кутубил илмия, 2000. Т. 15.

14    Әбу Мансур Мухаммад әл-Мәтуруди Тәуилату әһлис сунна. Бейрут: Дәрул кутубил илмия, 2005. Т. 10.

15    Сейед Камал Имани Свет священного Корана. Санкт-Петербург: Петербурское Востоковедение, 2001. Т. 19.

Жамашев А. Ш.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

философия және саясаттану факультеті,

дінтану және мәдениеттану  кафедрасының аға оқытушысы,PhD

 

Наурзалиев И. Р.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

саясаттану және философия факультеті,

дінтану және мәдениеттану кафедрасы

“Исламтану” мамандығының

2 курс магистранты

https://www.kaznu.kz/

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сақан ДастанСақан Дастан
3 жыл бұрын 1756
0 пікір
Блог туралы